29.04.2024 | 23:06

Қысқы спорт түрлері үшін Харбиндегі Азия ойындары басты назарда

Бүгін 2023-2024 жылғы қысқы маусымды қорытындылап, алдағы маусымға дайындықты пысықтауға арналған есеп беру кездесуі өтті.

ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасының орынбасары Азамат Имашев, Спортты дамыту дирекциясының директоры Ерлан Естек штаттағы Ұлттық құрамалардың бас бапкері, Мемлекеттік жаттықтырушы мен федерация өкілдерінің есебін тыңдады. Бүгін мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, кёрлинг, биатлон және конькимен жүгіру спорты маусымды қорытындылады.

Сондай-ақ жиынға ҚР допингке қарсы ұлттық орталығы және Ұлттық спорттық медицина және оңалту орталығының басшылары онлайн форматта қатысып, өз құзыретіндегі мәселелер бойынша жауап берді.

Жиын кезінде бас бапкерлер Ұлттық құрама спортшыларының ірі жарыстардағы көрсеткіштеріне шолу жасап, резерв даярлау жайын қозғады. Осы орайда олар қазір командамен бірге жұмыс істеп жатқан шетелдік кеңесшілердің әсері мен жалпы нәтижеге қосып жатқан үлесі жайлы тарқатып айтты.

Бас бапкерлер алдағы маусымдағы жоспарын таныстыра келе, командадағы дәрігер, массажистер санын көбейту бойынша ұсыныстарын ортаға салды.

Азамат Болатұлы алда маңызды кешенді жарыс – 2025 жылы Қытайдың Харбин қаласы қабылдайтын қысқы Азия ойындарына аз уақыт қалғанын атап өтті. Осы ретте ол федерация өкілдерін Спортты дамыту дирекциясымен тығыз жұмыс істеп, Ұлттық құрамалардың дайындық жұмыстарын барынша тиімді ұйымдастыруға шақырды. Сондай-ақ төраға орынбасары спортшыларды қажет құрал-жабдықтармен дер кезінде қамтамасыз ету үшін федерацияларға өтініш беру процесін уақытылы жүргізуді тапсырды.

Айта кетейік, қысқы спорты түрлерінің есебі ертең тағы жалғасады.

Суреттер: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес