03.05.2024 | 10:14

Біздің спортшылар алғашқы күні 4 медаль жеңіп алды

Түркияның Эдирне қаласында басталған жүзуден жарыстың алғашқы күні Қазақстан құрамасының спортшылары 4 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Әйелдер арасында 50 метрге брасс әдісімен жүзуде Аделаида Пчелинцева 31.59 уақыт көрсеткішімен екінші орынға тұрақтаса, 100 метрге еркін әдіспен жарыста Даниела Дю 56.37 уақыт көрсеткішімен күміс жүлдені қанжығасына байлады.

Ал ерлер арасында 100 метрмен еркін әдіс бойынша жүзуден Әділбек Мусин тұғырдың екінші сатысынан көрінсе, әйелдер арасында 50 метрге шалқалап жүзуден Ксения Игнатова қола медальға қол жеткізді.

Ертеңгі жарыс күнінде 12 спортшымыз жүлдеге таласады. Айта кетсек, аталған біріншілікте әйелдер арасында Диана Тасжанова, София Сподаренко, Ксения Игнатова, Аделаида Пчелинцева, Даниела Дю сынға түссе, ерлер арасында Әділбек Мусин, Арсен Қожахметов, Егор Василенко, Максим Сказовцов, Даниил Черепанов, Егор Попов жүлдеге таласады.

Жалпы 3 күнге жалғасатын бәсекеде 453 спортшы бақ сынайды.

Сурет: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес