20.01.2024 | 12:57

Қазақстан қоржынына тарихи алтын медаль түсті

Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтіп жатқан қысқы спорт түрлерінен IV жасөспірімдер Олимпиадасының алғашқы күні Қазақстан делегациясы үшін табысты болды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Шаңғымен тұғырдан секіру сайысында Илья Мизерных чемпион атанды. Ол Илья 214 ұпай жинап, қысқы жасөспірімдер ойындарында алтын алған тұңғыш қазақ атанды.

Күміс Ники Хаммл (210,7 ұпай), қола Польша атлеті Лукаш Лукащуктің (209,7 ұпай) еншісінде. Осы сында бақ сынаған тағы бір отандасымыз Илья Шильников (124,4 ұпай) 30-сатыдан көрінді. Барлығы 38 атлет сынға түсті.

Илья Мизерныхның арқасында Қазақстан Каннында алтын алған 7 мемлекеттің біріне айналды. Жалпы осыған дейінгі 3 Олимпиадада қоржынға 1 күміс пен 4 қола жүлде түскен. Галина Вишневская-Шепоренко (2012 жыл, күміс, қола), Сергей Малышев (2012 жыл), Арина Пантова мен Элизабет Тұрсынбаева (2016 жыл, қола).

Жалпы бұл Илья Мизерныхтың халықаралық бәсекедегі алғашқы алтыны емес. Ол бір жыл бұрын Ресейде өткен II Азия балалары ойындарында жекелей сында топ жарып, аралас командалық сында Софья Шишкина екеуі күміс жүлдегер атанған. Сондай-ақ Илья былтыр ақпанда осы ойындарға іріктеу саналған ҚР-ның IV қысқы Жастар спорт ойындарында қарсылас шақ келтірмеген. Алматы мен Кемерово қаласындағы сында Илья К-60 трамплинінен секірсе, Оңтүстік Кореяда К-90, яғни 90 метр биіктен қалықтады.

«Қысқы жасөспірімдер Олимпиадасындағы алғашқы алтын медаль құтты болсын, Қазақ елі! Бұл – Жасөспірімдердің қысқы Олимпиадасы тарихында біздің спортшылар жеңіп алған тұңғыш алтын. Жарыстың алғашқы күнінде шаңғымен тұғырдан секіруде бәсекеге түскен Илья Мизерных барлық қарсыласынан басым түсіп, жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Бастама өте жақсы. Осы алтын медаль барша спортшыларға жұғысты болсын! Құтты болсын!»,- деді Ермек Маржықпаев.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес