16.04.2024 | 21:39

Қазақстан күрестен Азия чемпионатын 12 медальмен аяқтады

Қырғызстан астанасы Бішкекте күрестен Азия чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Шешуші жарыс күні грек-рим күресінен 97 кг дейінгі салмақтың финалында отандасымыз Юсуф Мациев әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Мохаммадхади Саравиге 0:9 есебімен жеңілді.

Юсуф жартылай финалда қытайлық палуанды таза жыққан. Ал ширек финалда қырғызстандық Бексұлтан Махмудовты ұтқан.

Бұған дейін осы салмақта 2018 жылы Бішкек төрінде Ерулан Ысқақов финалға жеткен. Ал осы салмақтағы чемпиондарымыз: Ерұлан Ысқақов (2014 жылы), Марғұлан Әсембеков (2005 жылы), Сергей Матвиенко (1999 жылы)

Өкінішке қарай, бүгін қола медаль үшін күрескен Әділхан Сатаев (72 кг), Ғалым Қабдунасаров (60 кг) пен Алматбек Аманбек (67 кг) қарсыласына есе жіберді.

Біп аптаға созылған чемпионатта Ұлттық құрама 2 алтын, 4 күміс, 6 қола медаль жеңіп алды. Сары құрлықтың додасында еліміздің қосалқы құрамдағы спортшылары бақ сынады.

Қырғызстан осымен 3-рет Азия чемпионатын қабылдап тұр. Қазақстан 2018 жылы 4 алтын, 3 күміс, 10 қола жүлдеге ие болса, 2007 жылы 1 алтын, 7 күміс, 4 қоланы қанағат тұтқан.

Енді бірнеше күннен кейін Бішкекте Париж Олимпиадасының лицензиясы үлестірілетін құрлық турнирі өтеді.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес