06.05.2023 | 16:33

Эдуард Ким Монпельедегі Әлем Кубогы кезеңінде күміс медаль жеңіп алды

Францияның Монпелье қаласында артистік жүзуден Әлем Кубогының 3-кезеңі өтіп жатыр. Бүгін отандасымыз Эдуард Ким жекелей сындағы техникалық бағдарламада 2-орыннан көрінді. Жетісулық спортшы қатысушылар арасында бағдарламаның күрделілігі үшін ең көп балл алды (24,1500). Ол жалпы есепте 208,0083 ұпайға қол жеткізді. Бұл отандасымыздың алдыңғы кезеңдегі көрсеткішінен әлдеқайда жақсы. Эдуард бірнеше апта бұрын Канадада өткен сайыста SOS d'un terrien en détresse туындысына өнер көрсетіп, 154,6125 баллмен күміс медаль жеңіп алған.

Францияда техникалық бағдарламаның алтыны испаниялық Фернандо Диас дель Рио Сотоның қанжығасында кетті. Бұл оның Әлем Кубогы сериясындағы алғашқы бас жүлдесі. Қола колумбиялық Густаво Санческе бұйырды.

Сәл ертеректе Эдуард Кимнің Наргиза Болатовамен бірігіп тағы бір жүлде алатын жақсы мүмкіндігі болған. Алайда аралас дуэттің техникалық бағдарламасында Қазақстан 4-орында қалды.

Алда спортшыларды еркін бағдарлама күтіп тұр. Айта кетейік, осы кезеңнен бастап Халықаралық су спорты түрлері федерациясы (FINA) ұпай есептеудің жаңа тәсілін енгізді. AQUA Rules Support Team деп аталатын жүйе уақыт өткен сайын жетілдіріліп отырады. Мұнда бағдарламалардың қиындық деңгейін енді төрешілер емес, машина анықтайды. Осы жарыс қарсаңындағы тағы бір өзгеріс – құрама сапына тағы бір ер спортшы қосуға берілген мүмкіндік.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес