16.05.2022 | invalid

Артистік жүзуден Қазақстан құрамасы Әлем Кубогінің Суперфиналына қатысады

20-22 мамыр аралығында Грекия астанасы Афины қаласында артистік жүзуден Әлем Кубогінің Суперфиналы өтеді. «Спирос Луис» су спорты орталығында әлем мықтылары шеберлік байқасады. Бұл қатарда Қазақстан құрамасының өкілдері де бар. Олар:

Наргиза Болатова, Айгерім Құрманғалиева, Карина Абдулина, Ксения Макарова, Этери Какутия, Анна Павлецова, Юлия Рогалева, Валерия Столбунова, Жаклин Якимова, Жәния Жиенғазы, Арина Пушкина, Ясмин Тұяқова, Карина Магрупова, Дарина Валиуллина, Эдуард Ким.

Ұлттық құраманың бас бапкері – Әлия Каримова.

Айта кетейік, FINA-ның Әлемдік сериясы 4 кезеңнен тұрады. Алғашқы жарыс 20 наурызда АҚШ пен Канадада виртуалды түде өтсе, 2-кезеңді Франция астанасы Париж қабылдады. Айта кетейік, енді 2 жылдан кейін бұл мемлекетте әлем атлеттері Олимпиадада бас қосады. Ал 3-кезең 7-8 мамыр күндері Аустралияда виртуалды форматта өтті. Қазақстан құрамасы бұл бәсекеде екі жүлдеге қол жеткізді. Қыздар командалық еркін бағдарламада Канада (84,8000 балл) мен Израильден (83,9333 балл) кейін үштікті түйіндеді. Құраманың «Моана» анимациялық фильмінің желісімен дайындаған «Вайана» номеріне төрешілер 79,6000 ұпай берді. Ал еркін комбинация санатында Қазақстан спортшылары америкалық композитор Брайан Сетцердің «Малагенья» туындысына билеп, күміс медаль жеңіп алды (79,4667 ұпай).

Әлем Кубогінің (4 кезеңнің) жалпы жүлде қоры 257 000 АҚШ доллары. Афины төрінде жүзгіштер тағы 310 мың долларды сарапқа салады.

Жуырда Грекияда өтетін бәсекенің орны ерекше. Өйткені, 17 маусымда Мажарстан астанасы Будапештте су спорты түрлерінен XIX Әлем чемпионаты басталмақ. Яғни, шілденің 3-іне дейін іріктелген атлеттер жүзу, дайвинг, су добы, артистік жүзу мен ашық аспан астында суда жүзуден жүлдеге таласады. FINA күнтізбесіндегі осы шешуші жарыста спортшылар бар дайындығын пысықтай алады.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес