Главная > Новости > Қазақстан құрамасы V Азия ойындарында үшінші орынға шықты
Қазақстан құрамасы V Азия ойындарында үшінші орынға шықты
Ашхабадта жеңіл атлеттер Элина Михина мен Виктория Зябкина да алтын медаль еншіледі. Түркіменстан астанасы Ашхабадта өтіп жатқан жабық кешендегі Азия ойындарында әйелдер арасында үш қарғып секірудің алтын мен күміс жүлдесі қазақстандық спортшыларға бұйырды. Ольга Рыпакова алтын, Мария Овчинникова күміс медаль еншіледі. Үш қарғып секіруде Ольганың үздік көрсеткіші 14,32 метр болды. Мария болса 13,21 метрге қарғып, күміс медальға ие болды. Үшінші орынды қытайлық спортшы Тан Кичжао жеңіп алды. Ольга Рыпакова Ашхабадта екінші алтын медальға қол жеткізіп отыр. Кеше ұзындыққа секіруде де отандасымыз жеңімпаз атанған еді. Қазақстандық жеңіл атлеттер Ашхабадтағы жабық кешендегі Азия ойындарында сәтті өнер көрсетуде. Ольгадан өзге әйелдер арасында 400 метрге жүгіруде Элина Михина мен 60 метрге жүгірген спринтерлер сайысында Виктория Зябкина алтын алды. Қазақстан қоржынына түскен 6 алтын медальды да жеңіл атлеттер жеңіп отыр. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы 6 алтын 5 күміс 10 қола медальмен жалпыкомандалық есепте үшінші орында келеді.